Зинаида Федотова: Егемендік декларациясы – Тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадам

Егемендік декларациясы
Фото: Қазақстан Президентінің архивінен

Қазақстан Республикасы Президент архивінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты дөңгелек үстел өтті. Тарихи құжаттың куәгерлері 33 жыл бұрынғы естелікпен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform. 

Жиынға декларацияның дайындалуы мен қабылдануына атсалысқан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымның депутаттары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Архив ұжымы қатысты.

Айтуларынша, азаттықтың алғашқы қарлығашы егемендік декларациясы Алматыда қабылданды. Сондықтан Оңтүстік Астана тәуелсіздіктің бесігі саналады. 33 жыл бұрын жоғары кеңес депутаттары еліміздің егемендік декларациясын қабылдады. 360 депутаттың бірі ғалым, академик, экономика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбденов сол тарихи сәтті былай еске алды. 

Егемендік
Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен

«Декларация бізге жол ашты. Конституцияны қабылдауға түрткі болды. Біз Жоғары кеңестің ішінде күндіз-түні жұмыс істеп жатырмыз. Сыртында халық. Олардың күн көріс жағдайы қиын. Ақша құнсыз. Ол кезде теңге әлі шықпаған еді. Сол кезде ғалымдар шығып халыққа бәрін түсіндірді. Болашақтың жарқын болатынын айтты», - дейді Оразалы Сәбденов.

Сонымен қатар ол жастарды білім мен ғылымға ұмтылуға шақырды.

«Қазақтың жастары білім мен ғылым қуып, өркениеттің қатарына қосылуға ұмтылуы керек», - деді ол.

Профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Зинаида Федотова декларация еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам екенің атап өтті. 

Егемендік
Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен

«Сол кезден бастап Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сондықтан 25 қазан – Република күні ұлттық мереке ретінде атап өтілуі дұрыс деп ойлаймын. Барша қазақстандықты осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымның депутаты Зинаида Федотова.

Соңғы жаңалықтар