Зинедин Зидан жазда Қазақстанға келмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Француздық танымал футболшы Зинедин Зидан алматылық «Қайраттың» 60 жылдығына келуі мүмкін.
Атап айтқанда, алматылық команданың 60 жылдығына арналған бұл шара маусым айында ұйымдастырылмақ. Мерейтойдың нақты күні кейінірек қосымша хабарланатын болады. Бұл шараға клуб басшылығы қазақстандық футбол ардагерлерін, шоу-бизнес өкілдерін, танымал әлемдік жұлдыздарды шақырмақ. Осы меймандардың арасында Зидан мен оның отандасы әрі Франция құрамасы бойынша серіктесі Фабьен Бартездің есімі де бар, деп жазады Vesti.kz.
Айта кетейік, 1998 жылғы әлем чемпионы және 2000 жылы Еуропа чемпионы атанған Зинедин Зидан өзінің мансабын 2006 жылы аяқтады. 2011 жылдың мамырынан 2012 жылға дейін мадридтік «Реалдың» спорттық директоры қызметін атқарды. 2013 жылдың жазынан бастап «корольдік» клубтың бас бапкері Карло Анчелоттидің ассистенті болып тағайындалды.