13:38, 24 Ақпан 2023 | GMT +5
Зират басындағы құлпытасқа QR-код орнату сынақ ретінде жасалған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы зират басындағы құлпытасқа QR орнатуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы QR - әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар тәжірибе. Мәселен, зират басындағы құлпытасқа QR орнатылады. Осы QR-ға ұялы телефонды жақындатып, өмірден озған азамат туралы толық мәлімет алуға болады.
Айталық, қандай адам, нендей қызмет істеген, қандай өнегелі істері бар, қай өңірдің тумасы деген сынды сауалдарға қатысты толық мағлұмат ала аласыз. Осы үшін жасалған дүние. Бұл тәжірибе ретінде елордадағы шамамен 20 зираттағы құлпытасқа орнатылған», - деді Ағабек Қонарбайұлы ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның атап өтуінше, құлпытасқа QR орнату азаматтың өтініші болған кезде ғана жасалады.
«Ал, жаппай қолданысқа енгізілген жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай үрдіс дамыған елдерде бар. Сондықтан бізде де тәжірибе, сынақ ретінде жасалған», - деді ол.