Зиялы қауым музей мен кітапханаларды жәдігерлермен толтырулары тиіс - Б.Сапарбаев

Оның сөзіне қарағанда, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жаңадан ашылған Қазақстанның ұлттық музейін құнды жәдігерлермен толтыруға мүмкін болған.
«Біздің міндет - әрбір қазақстандықтың осы музейдің дамуына өз үлесін қосуға қол жеткізу. Бұл музей - біздің мақтанышымыз. Жақында ғана музей басшысы Дархан Мыңбайдың бастамасымен жәдігерлерді жинау бойынша арнайы акция ұйымдастырдық. Осы шараның аясында көрнекті мәдениет, өнер, ғылым қайраткерлерінен, жазушылардан, саясаткерлер мен спортшылардан 400-ден астам жәдігер жиналды. Осы дәстүрді біздің облыстар да іліп әкете алады», - деді ол Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан «Мәңгілік ел - елдің біріктіруші күші» атты форум барысында.
Оның айтуынша, Ұлт көшбасшысының кітапханасына Мырзатай Жолдасбеков жеке қорында жатқан бірқатар кітаптарын өткізген.
«Барлық облыстарда осындай танымал адамдар өз қорындағы кітаптар мен жәдігерлерді өткізе алады. Бұл болашақ жастарды тәрбиелеуге де үлкен серпін берер еді», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Айта кетейік, «Мәңгілік ел - елдің біріктіруші күші» атты Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымы форумына республиканың түкпір-түкпірінен 200-ге жуық зиялы қауым өкілі келді. Олардың ішінде көрнекті мәдениет, өнер, ғылым, қайраткерлері, жазушылар, мәдениет, шығармашылық және білім ұйымдарының басшылары қатысты.