Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге 208 мың теңгеге дейін төленеді

Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды
Фото: gov.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем қалай тағайындалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі секілді мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленді.

«Заңнаманы Сенат мақұлдады, ол Президенттің қол қоюына жолданайын деп отыр. Заң жобасында көп өзгерістер енгізіледі. Біріншіден, арнайы әлеуметтік төлем көп жылдар бойы жұмыс істеген, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы өздеріне жиынтық жарналар аударған азаматтарға төленеді. Арнайы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан; жұмыс берушілердің қаражатынан, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді», - деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Төлемдердің орташа мөлшері 208 мыңға жетеді және 63 жасқа дейін төленеді. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады.

Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстан – демалысқа немесе жеңілірек жұмысқа ауысуы керек. 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемге 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады.

Соңғы жаңалықтар