Зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау ұлттық және мемлекеттік парыз - А. Смайыл
Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
«Демократия құндылығын түрліше түсінген, оны қоғаммен қалыпты игеру тұрғысынан емес, өзінің жеке, кей ретте қылмысқа парапар қарекеттері үшін пайдаланушылар ақпарат әлемін жаулай бастағаны рас. Ендеше, зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау ұлттық және мемлекеттік парыз. Сондықтан да бұл мәселеге Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан, Украина парламенттері айырықша мән беруде. Ресей арнайы заң қабылдаумен шектелмей, Федерация Президенті жанынан балалар құқығы жөнінде уәкілетті кеңес құрды. Мұның негізгі мақсаты балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы ресейлік заңнаманың орындалуын бақылауға алу», - дейді А. Смайыл.
Депутаттың айтуынша, дәл осындай қадамдар Қырғызстанда да жүзеге аса бастаған. «Ендеше Қазақстанда аталған заң қабылданған жағдайда оның орындалуын қадағалайтын өкілетті орган құрылса игі. Тек сонда ғана жас ұрпақтың толыққанды дамуына айырықша ықпал ете аламыз», - деді депутат.