Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қорғау тәсілдері әзірленді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда осы санаттағы жұмысшыларды әлеуметтік қамсыздандыру үшін 2005 жылдан бастап жазатайым оқиғалардан әлеуметтік сақтандыру жүйесі және 2015 жылдан бастап 50 жасында ерте зейнетке шығуды көздейтін зейнетақымен қамсыздандырудың кәсіби схемасы енгізілді.

Бірақ, бұл екі жүйе де аннуитет бойынша ескеріліп отыр. Бірінші жүйе бойынша төлемдер тек зейнет жасына дейін жүргізілсе, екіншісінде жинақтардың аздығына байланысты аннуитеттер барлығына бірдей тарала бермейді. Осыған орай Мемлекет басшысы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды арнайы төлемдер енгізу мүмкіндігін қарастыру арқылы күшейту қажет екенін айтты», - деді Т. Дүйсенова Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, осы тапсырманы орындау үшін Министрлік отандық және әлемдік тәжірибені зерделеп, бірқатар тәсілді қарастырды. Бұл тұрғыда бірнеше нұсқа бойынша есеп-қисап жүргізді.

«Қазіргі кезде нақты тәсілдер әзірленді, оны Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен сақтандыру нарығы қарап жатыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін, өзара келісілген шешімдер Үкімет басшысының қарауына ұсынылады», - деді министрдің міндетін атқарушы.


Соңғы жаңалықтар