Зияткерлік мектептің сараптама-консультативтік кеңесінің алғашқы отырысы Астанада өтті
АСТАНА. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің Зияткерлік мектебін дамыту бойынша сараптама-консультативтік кеңесінің алғашқы отырысы Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің зияткерлік мектебінде маусымның 11-інде өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Өркен» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сараптама-консультативтік кеңесі «Өркен» АҚ жанындағы зияткерлік мектептер циклдарының физика-математика және химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытуға бағытталған білім беру үдерісін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, инновациялық және эксперименталдық қызметтерді алып жүру міндетіне қолдау көрсету мақсатында құрылған.Кеңестің жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Б.Әлімжанов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Т.Балықбаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласындағы «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ президенті Г.Нұрғалиева, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ педагогика университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушылары және Астана мен Алматы қалаларындағы мектептердің жетекші мұғалімдері қатысты.Жұмыс барысында сарапшылар Кеңес жұмысының тәртібімен танысты, бейіндік және тілдік пәндер бойынша сарапшылардың ғылыми топтары қалыптасты, сарапшылардың ғылыми топтары зияткерлік мектептердің оқытушыларымен кездесу өткізді.