Зияткерлік меншік құқығын тіркеудегі әкімшілік кедергілер жойылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде зияткерлік меншік құқын тіркеуде белгілі деңгейде кері ықпалын тигізіп келген әкімшілік кедергілер жойылатын болады.
ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында осы мақсатта біраз шаралар қарастырылыпты.
Әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, ондағы енгізіліп отырған нормалар бірнеше мәселені қамтиды. Соның бірі тәжірибеде жиі байқалып отырған ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың тарапынан байқалып отырған келеңсіз әрекетке шек қою. Бүгінде осындай ұйымдар жиналған сыйақының көп бөлігін өзінің жеке шығыстарын өтеуге қалдыратын фактілер аз емес екен. Жаңа құжат бойынша енді олардың тарапынан өз құзыретін асыра пайдалануды жою мақсатында ұйымның сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын өтеуге жиналған сыйақыдан ұсталатын соманың шекті пайызын белгілеу ұсынылып отыр. Берік Имашевтің айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша мұндай шектеу жоқ. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заң жобасында жиналған сыйақы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерінде белгілеу ұсынылды.
Заң жобасының тағы бір маңызды жаңалығы аккредитация алуға үміткер ұжымдық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ аккредитациялау туралы куәлікті қайтарып алу негіздерінің нақтылануы. Құжатты дайындау барысында шешілген бір мәселе - тауар таңбасына құқықтарды басқаға беру шарасының алынып тасталғаны. Имашев мырзаның айтуынша, бұл шешім тауар таңбаларының пайдаланылғанын дәлелдеу барысында кейде құқықтарды беру туралы жалған шарттар ұсынылатындықтан (мәселен, пайдаланылмайтын этикеткалар және т.с.с.), осы тұрғыда кәсіпкерлер тарапынан орын алатын заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында енгізіліпті. Өнертабысты қорғау құжатының түрі ретінде инновациялық патентті алып тастауды көздейтін Патент заңына түзетулер де бүгінгі күн сұранысы. Министр мырза мұның әлемде белгілі өнертабыстарды патенттеуді болдырмауға мүмкіндік беретін атап көрсетті. Себебі инновациялық патент жергілікті жаңалыққа арналған (ҚР аумағындағы жаңалық) тексеру нәтижелері бойынша берілмек.
Сондай-ақ, министр мырза жаңа құжат бойынша енгізіліп отырған өзгерістердің барлығы мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, кәсіпкерлер мен патенттік сенім білдірушілердің қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен талқыланып, әзірленгенін қадап айтты.