Зияткерлік меншік құқығының қорғалуы еліміздің әлем төрінен алар орнын айшықтайтын негізгі факторлардың бірі - ҚР Жоғарғы сотының төрағасы

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Зияткерлік меншік құқығының қорғалуы әлем төрінде мемлекетіміздің алар орнын айшықтап беретін негізгі факторлардың бірі.

Зияткерлік меншік құқығының қорғалуы еліміздің әлем төрінен алар орнын айшықтайтын негізгі факторлардың бірі - ҚР Жоғарғы сотының төрағасы

Бұл пікірді бүгін елордада өткен «Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік құқықты соттың қорғауы: соңғы тенденциялары және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков білдірді.

«Зияткерлік меншік құқығының қорғалуы әлем төрінде мемлекетіміздің алар орнын айшықтап беретін негізгі факторлардың біріне айналуда. Қорғалудың сенімді деңгейі ғылыми зерттеулерді, мәдениеттің, әдебиет пен өнердің, ғылым мен техника жетістіктерін тәжірибеде пайдалануды және олардың халықаралық алмасуларын белсендіреді», - деді ол.

Сондай-ақ М.Әлімбеков өз сөзінде зияткерлік меншік құқығының тиімді қорғалуы мемлекетіміздің экономикалық және құқықтық саясатының ең негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс екендігін баса айтты.

Конференция нәтижесі бойынша зияткерлік меншік құқығын қорғауға арналған ұсыныстар мен материалдардан жинақ шығарылмақ. Сондай-ақ ағымдағы жылы осы салада туындаған дауларды қарауға байланысты тәжірибелік оқу құралын жарыққа шығару көзделген. Ал 2011 жылдың басында бүгін өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияның нәтижесі бойынша халықаралық мамандар мен ғалымдардың ой-пікірі топтастырылған монография басылады.