Зияткерлік меншік мәселелерін қамтыған заң жобасы Мәжіліске қайтарылды ? Сенат

АСТАНА. Сәуірдің 27-ісі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, құжатқа бірқатар өзгерістер енгізді,

Зияткерлік меншік мәселелерін қамтыған заң жобасы Мәжіліске қайтарылды ? Сенат
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңды Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясының ережелеріне сәйкестендіру болып табылады. Еліміздің қолданыстағы осы Заңына Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Авторлық құқық жөніндегі шартына, сондай-ақ Орындаулар мен фонограммалар жөніндегі келісіміне сәйкес келтіру көзделеді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына 2004 жылы қосылған болатын. Заң жобасында зияткерлік меншікке құқықтарды қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында тараптардың қызметтік құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Жоба мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге де ұйымдардың ұсыныстары негізінде зияткерлік меншікті қорғаудың әлемдік жүйесін дамыту үрдісі ескеріліп әзірленген. Жобаны екінші оқылымға әзірлеу барысында сенаторлар бірқатар өзгерістер енгізді. Мұндай өзгертулердің басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында және мемлекеттік тілдегі мәтінге қатысты болып табылады. Заң жобасы Парламент Мәжілісіне қайтарылды.