Зияткерлік меншік саласын құқықтық реттейтін құжат мақұлданды - Мәжіліс
Аталған заң жобасының мақсаты тіркеу рәсімін оңайлату және құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ зияткерлік меншік саласында әкімшілік кедергі келтіретін нормаларды алып тастау болып табылады. Мәселен, авторлық құқық саласында енгізілетін түзетулер ұжымдық ұйымдардың қызметін нақтылауға бағытталады. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың (ұжымдық ұйымдар) авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша міндеті белгіленген.
Сонымен қатар заң жобасы бойынша ұжымдық ұйымдар тарапынан асыра пайдалануды жою шаралары көзделеді. Мәселен, ұйымның сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын өтеуге жиналған сыйақыдан ұсталатын соманың шекті пайызын белгілеу ұсынылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, оны жиналған сыйақы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, заң жобасында өнертабысқа арналған патентке ұқсастығы бойынша селекциялық жетістікке арналған патентті күшінде қалдыру үшін төлем жасау мерзімін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін норма көзделген. Сондай-ақ заң жобасы өнертабысқа арналған қорғау құжатының түрі ретінде инновациялық патентті алып тастауды көздейтін Патент заңына түзетулер енгізуді ұсынады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.