Зияткерлік меншік саласындағы басы артық әкімшілік кедергілер жойылады

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Зияткерлік меншік саласындағы басы артық әкімшілік кедергілер жойылады

Заң жобасы алдыңғы қатарлы сандық, ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануға байланысты патенттік құқықтың жекелеген қағидаттарын модификациялауды көздейді. Зияткерлік меншік құқығы нысандарына дәстүрлі көзқарасты қайта қарау қамтылады.

Бұдан басқа, заң жобасымен қолданыстағы ұлттық заңнамамыз Зияткерлік меншік құқығының саудалық аспектілері жөніндегі келісімінің талаптарына сәйкес келтіріледі. Зияткерлік меншік құқығы саласындағы басы артық әкімшілік кедергілер жойылады.

Осылармен қатар, заң жобасымен Интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтар нысандарын заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық енгізілетін болады.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылды.