Зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру өзекті мәселелердің бірі - З.Балиева
АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Зияткерлік меншіктің қорғаныс деңгейі тиісті нормативті-құқықтық актілер мен оның тиімділігіне байланысты. Ең бастысы заң талаптары дұрыс жұмыс істеуі керек.
Қазақстанның зияткерлік меншік саласындағы заңнамалары қалыптастып бітті. Әлемде сандық технологиялардың даму қарқынын ескерсек, зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру өзекті мәселелердің бірі болмақ», - дейді Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева. Бұл туралы ол бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша өткен дөңгелек үстел отырысында айтты.
Депутаттың пікірінше, қазір ғылыми-техникалық прогрестің өркендеп, зияткерлік меншікпен байланысты мәселелер алдыңғы орынға шыққан кез. Осыған қарай зияткерлік меншікті қорғау - экономикалық және сауда саласымен тығыз байланысты міндеттер ретінде қарастырылып отыр. «Мәселенің маңыздылығына байланысты ол тек белгілі бір мемлекет деңгейінде ғана емес, бүкіл әлемде талқылануда. Бүгінгі күн тәртібіне шығарылып отырған тақырыптың маңыздылығына тек елде қарақшылық жолмен алынған өнімдердің болуына немесе еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына ену міндеттерімен ғана байланысты емес. Аталғандармен қоса қазір қалың көпшілік те зияткерлік меншіктің құндылықтарын жете түсіне бастады. Осы орайда бізге зияткерлік меншіктерін құқықтарын қамтамасыз етуге күш салуымыз керек»,-дейді З.Балиева.
Дөңгелек үстел отырысында оған қатысушылар зияткерлік меншікке қатысты қалыптасқан мәселелер мен оны заңнамалық қамтамасыз ету міндеттері жөнінде өзара пікір алмасты.