Зияткерлік меншікті дамыту мен қорғаудың жаңа тетіктері

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат. Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімовке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды,

Зияткерлік меншікті дамыту мен қорғаудың жаңа тетіктері

деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Әділет министрі Р. Түсіпбеков заң жобасын ұсына отырып, оның Мемлекет басшысының 2011 жылғы 17 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Заң жобасының мақсаты зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру болып табылады.

Бұл үшін Қылмыстық кодекс, Азаматтық кодекс (ерекше бөлік), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлардың шыққан жерінің атаулары туралы» заңдары мен «Патент заңына» өзгерістер енгізіліп отыр.

Заң жобасымен авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектiлерiн қорғау мақсатында электрондық, сандық нысандағы туындылардың және (немесе) фонограммалардың контрафактілік даналарымен алмасуға, сақтауға, таратуға одан әрі қол жеткізу үшін интернет-ресурстарын жасау және ұйымдастыру арқылы авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектiлерiн заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік белгілеу ұсынылады.

Авторларды авторлық құқық және сабақтас құқықтардың жаңа объектiлерiн жасауға ынталандыру үшін қосымша жағдай жасау жөнінде ережелер көзделген.

Заң жобасы тауар таңбаларын тіркеу туралы өтінімдерге алдын ала сараптама жасау мерзімін екі айдан бір айға дейін қысқартуды және тауар таңбаларын тіркеуден бас тарту үшін 13 абсолюттік негіздің 9-ын алып тастауды көздейді.

Р. Түсіпбеков атап өткендей, аталған өзгерістер Әділет министрлігінің бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту жөніндегі бағытын жалғастырады.