Зияткерлік меншікті дамытуға бағдарланған заң жобасы мақұлданды
ТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Алдыңғы қатарлы сандық, ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде зияткерлік меншік туралы заңнаманы одан әрі дамытуға елеулі әсер етіп отыр. Осыған байланысты интелектуалдық меншік құқығының қазіргі заманғы проблемаларын заң арқылы шешу үшін мүлдем басқа, жаңа ұстанымдарды қалыптастыру қажет болады. Осы мәселелер ескеріле отырып, зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетігін жетілдіруге бағытталған заң жобасы әзірленген.
Аталған заң жобасы патентік құқықтың негізгі принциптерін өзгертуді, зияткерлік меншік құқығының кейбір дәстүрлі нысандарына деген көзқарасты қайта қарауды көздейді. Бұл ретте авторлық құқықтарды қорғау туралы қағидалар туындыларды интернеттің ақпараттық желісінде және өзге де байланыс желілерінде пайдалануға бағдарланбаған. Сондай-ақ, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету мақсатында интернет желісінде туындыларды көшіруге және таратуға заңсыз рұқсат бергені және таратқаны үшін де жауапкерлік туындайтынын нақтылау ұсынылады.