Зияткерлік меншік саласында тың жоба жүзеге асырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрлігі қызметі бағыттарының бірі зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелері екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстардың мән-жайын Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді.

зияткерлік меншік
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында елімізде креативті экономиканы ауқымды дамыту үшін тиімді жағдай жасау қажет екені айтылған-ды. Оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық қорғау мәселесіне баса назар аударылды.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың айтуынша, заңнаманы жетілдіру мақсатында ведомствода зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленген. Қазір ол Парламент Мәжілісінің қарауында.

Жобада зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша қосымша құқықтық құралдарды енгізу, зияткерлік меншікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту көзделген.

Негізгі түзетулер көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында авторлардың құқықтарына шектеулерді толықтыруға; көрсетілетін қызметті алушылардың өтінімдері бойынша тауар белгілерін жедел тіркеуді енгізуге; басқа да бірқатар новеллаларға қатысты.

«15 мамырда зияткерлік меншік бойынша кадрларды даярлау саласында маңызды оқиға болды. Қазақстан үшін бұл шын мәнінде тарихи сәт. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, Әділет, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен Maqsut Narikbayev University арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде Қазақстанда ДЗМҰ академиясымен бірлесіп зияткерлік меншік саласындағы құқық магистрі (LL.M) бағдарламасы іске қосылды. Бұл әлемдегі 18-ші бағдарлама, Орталық Азия аумағында біз алғашқы елдердің біріміз», - деді ол.

Бағдарлама студенттер үшін зияткерлік меншік саласындағы құқықтық реттеудің күрделі мәселелерін зерделеуге, сондай-ақ бизнестің құқықтық жүйемен өзара іс-қимылының қыр-сырын түсінуге бірегей мүмкіндік болып табылады.

Түлектер ДЗМҰ академиясы мен Maqsut Narikbayev University дипломдарын алады. Оқытушылар құрамы шетелдік және отандық мамандардан тұрады. Министрлік пен ДЗМҰ өз гранттарын бөлді.

Вице-министр Марракеш келісімінің ережелерін талқылау бойынша өткізілген халықаралық семинарды еске салды. Бұл – зағиптар мен көру қабілеті бұзылған адамдардың баспа ақпаратына қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік келісім. Жарияланған жұмыстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Әділет министрлігі Марракеш шартын ратификациялау туралы заң жобасын әзірледі. Бүгінде жоба Үкімет аппаратына жіберілді. Кейін ол Мәжіліске жолданбақ.

Соңғы жаңалықтар