Зілзаладан кейін: Газиантепте Қазақстан салған Қожа Ахмет Ясауи мектебі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін салған Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектебі алғашқы оқушыларын қабылдады. Білім ордасы Газиантеп провинциясының Нұрдағы ауданында бой көтерді.

Зілзаладан кейін: Газиантепте Қазақстан салған Қожа Ахмет Ясауи мектебі ашылды
Фото: KazAID

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 6 ақпанындағы жойқын зілзаладан кейін жаңа мектеп салу бастамасын көтерген еді. Жоба зардап шеккен өңірді қалпына келтіруге Қазақстанның қосқан үлесін көрсетіп, екі ел арасындағы бауырластық пен өзара қолдаудың символына айналды.

л
Фото: Kazinform

Мектептің салтанатты ашылуына KazAID Басқарма төрағасы Нұрғали Арыстанов, Газиантеп провинциясы губернаторының орынбасары Якуп Кылынчоглу, жергілікті жұртшылық өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысқан.

Жаңа білім беру мекемесі 6 мың шаршы метрді құрайды және 960 оқушыға арналған. Мұнда 32 бастауыш сынып және мектепке дейінгі білім беруге арналған 4 сынып қарастырылған. Қазір мектепте 50 педагог еңбек етеді.

л
Фото: Kazinform

Оқу орнында оқушыларға сапалы білім алуға және жан-жақты дамуына қажетті заманауи инфрақұрылым жасалып, оқу үдерісіне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілген. Мұнда мамандандырылған сыныптар, конференц-зал, кітапхана, амфитеатр, спорт алаңы және балалардың ойын аймағы бар.

л
Фото: Kazinform

Ғимарат Түркия нормаларына сай жобаланған. Сейсмикалық қауіпсіздікке, ылғалдан және жылудан қорғауға ерекше көңіл бөлінген.

л
Фото: Kazinform

Сапар барысында KazAID Басқарма төрағасы Нұрғали Арыстанов Газиантеп провинциясы губернаторының орынбасары Якуп Кылынчоглумен кездесті. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың перспективаларын және алдағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады.

л
Фото: Kazinform

Айта кетейік, Түркия мектептерінде түркі әлеміне арналған жаңа курс енгізілді.