Зообақ фотосессия үшін пайдаланылған арыстанның күшігін сатып алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Зообақ басшылығы науқас жануарды жекеменшік иелерінен сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зообақ фотосессия үшін пайдаланылған арыстанның күшігін сатып алды

Бұл туралы зообақ директоры Ержан Еркінбаев Фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді.

«Бүгін арыстанның күшігін қабылдадық. Әлиді 2 ай бұрын бұрынғы иелерінен сатып алған болатынбыз. Осы уақытқа дейін жануар ем қабылдады.

Бұрынғы қожайындары жануарды күтіп баптамаған. Әлиде рахит белгісі айқын, ағзалары уланған, бауыры 3 есе үлкейген, тырнақтары түбінен кесілген, жамбасы сынған. Қазір ақырындап салмақ жинап келеді. Ол үшін күресетін боламыз», - деді Е.Еркінбаев.

Айта кету керек, бұрынғы қожайындары арыстанның күшігін фотосессияға пайдаланып ақша тапқан. Жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері жыртқыштың мүшкіл халін айтып дабыл қаққан болатын.