Зорлық көрген балалардың 90% басына түскен жағдайды жасырады - Смайылова

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Балаларды бірге қорғайық» жобасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен балаларға зорлық - зомбылық көрсетуге қарсылық және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Не молчи» қоғамдық қорының мамандары жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Зорлық көрген балалардың 90% басына түскен жағдайды жасырады - Смайылова

Облыстық білім басқармасының мәжіліс залында қала тұрғындарымен  кездесу болып өтті. Маңызды тақырыпты қамтитын арнайы  фильм көрсетілді. «Не молчи» қоғамдық ұйымының  басшысы  Дина Смайылованың айтуынша, зорлық - зомбылық көрген балалардың көбі оны айтуға немесе жариялауға бара қоймайды. Ал, бұл өз кезегінде қылмысты анықтап, жолын кесуге кедергі келтіреді.

«Жасөспірімдерге жасалынатын зорлық  - бүкіл қоғам үшін қатерлі.  Өкінішке қарай, зорлық- зомбылыққа тап болған балалардың 90 пайызы  өзінің басына түскен жағдайды жасырады. Ал, бұл өз кезегінде қылмыскерлерді анықтауға  кесірін тигізеді», - деді Дина Смайылова.

Аталған қоғамдық бірлестіктің  белсенділері  Көкшетау, Щучинск, Степногорск қалалары мен Астрахан  аудандарында  17 кездесу өткізді. Кездесулерге барлығы 1500 адам қатысқан.