Зорлық-зомбылық акциялары азаматтардың радикалдануын ынталандырады - ҚР ҰҚК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әрбір зорлық-зомбылық акциясы азаматтардың радикалдануын ынталандырады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зорлық-зомбылық акциялары азаматтардың радикалдануын ынталандырады - ҚР ҰҚК

«Әрбір зорлық-зомбылық акциясы біздің азаматтардың радикалдануы үдерісін ынталандырады. Ақтөбедегі соңғы оқиғадан кейін терактілерді даярлау кезеңіндегі 7 радикалды топтар мен 4 бөлек адамның әрекетіне тосқауыл қойылды»,-деді Марат Қалқабаев.

Оның сөзіне қарағанда, қақтығыс аймағынан тыс жерлерге лаңкестікттің таралуы үрдісі айқындала түсті. Әлемдегі соңғы оқиғалар лаңкестік әрекеттер аймағының кеңеюіне бағытталғанын айқын көрсетті.

Марат Қалқабаевтың атап өтуінше, интернетте лаңкестік идеясын насихаттаумен қатар, елдерде терактілер жасау туралы сыбайластарына үндеулер жіберу жағдайлар жиі кездесе бастаған.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.