Зорлық-зомбылықтан, суицидтен сақтау – балаларға қатысты кешенді жоспар бекітілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқығы мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілмек. Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген тиісті құжат «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаулы жобасының мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға білікті көмек көрсету және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған қосымша шаралар кешенін қабылдау», - делінген құжатта.

Сонымен қатар кешенді жоспарда бірнеше жауапты министрлікпен және жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтаса атқарылатын шаралар көрсетілген. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың интернет желісіндегі дербес деректерін қорғау, құмар ойын, синтетикалық есірткі, ішімдік және өзге де психотроптық заттарды қолдануының алдын алу жұмыстары қолға алынбақ. Бұған қоса, ерте жүктілік пен түсік жасаудың салдарымен емес, себебімен күресу жолдары қарастырылмақ.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, кешенді жоспарды орындау шеңберінде күтілетін нәтижелер:

- балаларға қатысты жасалатын жыныстық қолсұғушылыққа қарсы қылмыстар санын жыл сайын 2% төмендету;

- кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен оған итермелейтін әрекеттер санын жыл сайын 1,5% төмендету;

- қосымша білім берумен қамтылған балалар санының жыл сайын 5% арттыру;

- төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және басқа да жазатайым оқиғалар салдарынан балалардың өлімі мен жарақаттану санын азайту:

- балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.

Құжат 21 ақпанға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар