Зүлфия Сүлейменова АҚШ-пен орнатылған метан келісімі туралы айтты
ҚР Президентінің Халықаралық экологиялық серіктестік бойынша арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова Silk Way телеарнасындағы New Time бағдарламасына сұхбат берді. Ол Дубайда өткен СОР-28 климаттық конференция аясында метан шығарындыларын азайту шараларын жеделдету туралы Қазақстан мен АҚШ-тың ортақ мәлімдемесі жайлы айтты, деп хабарлайды Kazinform.
– Қазақстан шығарындыларды (метан шығарындыларын) 2030 жылға қарай 30%-ға дейін қысқарту жаһандық бастамасын қолдап, Метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылу туралы шешім қабылдады. Біз осы бастама аясында АҚШ-пен келіссөз жүргіздік, - деп хабарлады Зүлфия Сүлейменова.
Оның сөзінше, Қазақстан бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуді көздеп отыр, яғни метан шығарындыларын азайту жұмыстарын техникалық тұрғыда жеделдету және белсенді ету. Оның ішінде көмір шахталарындағы метан шығарындыларын азайту, көмір қыртыстарын дегазациялау, мұнай-газ секторындағы тесіктерді (утечка) анықтау бар.
– Ортақ мәлімдемеде АҚШ-тың Қазақстанның мұнай-газ секторындағы метан шығарындыларын мүмкін болған деңгейге дейін төмендету мақсатында инвестицияларды мобилизациялау үшін серіктестермен жұмыс істеуге дайын екені айтылған. Оған кемінде 1,4 миллиард АҚШ доллары қажет (жалпы шығын), - деп атап өтті ҚР Президентінің халықаралық экологиялық серіктестік бойынша арнайы өкілі.
Жақында Мемлекет басшысы Қазақстан Метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылатынын мәлім еткен болатын. Осылайша, Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп метан шығарындыларын тез қысқарту саясаты мен жобаларды дайындауға әрі жүзеге асыруға дайын.
Бұған дейін Қазақстан мен АҚШ метан шығарындыларын азайту шараларын жеделдету туралы ортақ мәлімдеме жасағаны хабарланған болатын.