Зүлфия Сүлейменова «алапат орман өртінің» куәсі болды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 200-ге жуық өрт сөндіруші ормандағы алапат өртпен күресу әрекеттерін пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зүлфия Сүлейменова «алапат орман өртінің» куәсі болды
фото - ШҚО ТЖД

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауқымды оқу-жаттығу Глубокое ауданы Черемшанка ауылында өтті. Іс-шараға Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қатысып, табиғи сипаттағы төтенше жағдайға азаматтық қорғау қызметтерінің әрекетін бағалады.


Сценарий бойынша «Черемшанск» орман шаруашылығында найзағайдан өрт шықты. От жылдам тарап, қысқа уақытта алапат өртке айналды. Оқиға орнына бірінші келген орманшылар барлау жүргізіп, жақын маңдағы ауылға қауіп төніп тұрғанын анықтады.

Қауіпсіздік мақсатында жергілікті атқарушы органдар ауыл тұрғындарын «Вахта» көліктеріне отырғызып, қауіпсіз жерге көшірді.

Ал өрт сөндірушілер мен ҚР Ұлттық ұланы № 5518 әскери бөлімінің сарбаздары қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің МИ-8 тікұшағы да тартылды. Глубокое аудандық жастар ресурстық орталығының еріктілері өртпен күресіп жатқандарға тамақ пен ауызсу жеткізіп тұрды. Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету үшін 2 мобильді госпиталь ашты.

Бірнеше сағат ішінде жалпы ауданы 150 гектарды құраған тілсіз жау толықтай өшірілді. Оқу-жаттығуға барлығы 51 техника және 190 адам қатысты.

«Мұндай оқу-жаттығулар ірі табиғи өрттер кезіндегі іс-қимылдарды жетілдіру үшін қажет. Жаттығу ТЖ, орман шаруашылықтары және жергілікті атқарушы органдардың табиғи өрттермен күресуге дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. Барлық жағдай шынайы өмірдегіге барынша ұқсас қылып істелді», - дейді аймақ басшысының орынбасары Е.Нұрбаев.