Зумерлерге дос табу және қарым-қатынас құру қиындап барады — Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жастардың көпшілікпен араласуға және ортаға бейімделуге қиналатынын айтып, оларға психологиялық қолдауды күшейту қажеттігін мәлімдеді.
Бұл жөнінде Сенат спикері палата депутаттары мақұлдаған «Психологиялық қызмет туралы» Заңды қарастыру кезінде пікір білдірді.
Оның сөзінше, Z ұрпақтың өкілдері әлеуметтік желі, ғаламтор, жасанды интеллект, заманауи өмірдің тым жылдам қарқыны әсерінен бірқатар психологиялық қиындыққа ұшырап отыр.
— Әрине, жастардың бәрінде мұндай мәселе бар деп айта алмаймыз, бірақ аталған түйткіл уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде, — деді Мәулен Әшімбаев.
Оның мәлімдеуінше, жастардың кей бөлігі көпшілікпен араласу, ортаға бейімделу, өзгелермен байланыс орнатуда қиындыққа тап болып отыр. Олардың көбі мұндай мәселесі жөнінде ашық айтуға батпайды. Ал ата-аналары көп жағдайда шеттету мен қоғамның талқысынан қауіптеніп, психологтарға жүгінуден қашады.
Сенат Төрағасы қазіргі жастар елдің болашағы екенін және келешекте мемлекетті дамытып, маңызды шешімдер қабылдайтынын атап өтті.
— Сондықтан қазіргі жағдайда психологиялық тұрақтылық айрықша маңызды, — деді ол.
Мәулен Әшімбаев аталған түйткілді ашық талқылап, психологиялық қиындыққа ұшыраған жастарды қолдаудың тиімді жүйесін құруға шақырды.
Отырыс қорытындысы бойынша, Сенат «Психологиялық қызмет туралы» Заңды мақұлдады. Құжат қол қоюы үшін Қазақстан Президентіне жіберілді.
Айта кетейік, бұған дейін елде психологиялық қызметке қойылатын талаптар айқындалғанын жазғанбыз.