Зымыран бөлшектерінің құлауынан мерт болғандар техника қауіпсіздігін сақтамаған - Атамқұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жезқазған маңында «Союз 2.1а» зымыран тасығышы бөлшектерінің құлауы салдарынан мерт болған азаматтар техника қауіпсіздігін сақтамаған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Ең біріншіден, 2 азамат техника қауіпсіздігін сақтамаған. Олар Ресейдің кәсіпорындарында жұмыс істейді, қызметі де соған байланысты. Бөлшектер құлаған кезде неліктен екі адам ғана барған? Басқа қызметтегі адамдар қайда болды? Өрт сөндіретін қызметшілер қайда? Мәселе көп. Олар өрттің арасына кіріп кетіп, от машинаның бензин багына тиген.  Бұған қоса сол уақытта ауа райы да қолайсыз болды. Дауыл көтерілді, Астананың өзінде де аптап ыстық болды. Даладағы шөптің бәрі күйіп кеткен еді», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Роскосмос» Жезқазған маңында болған адам өлімінің себебін түсіндірген еді. «Зымыранның қосалқы бөлшектерінің құлау аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты (+34 градус, желдің ұйытқуы 15м/сек) жазық далада от тұтанды. Тұрғындарға төнген қауіп жоқ, өрт салдары жойылды. Өрт сөндіру барысында КамАЗ автокөлігін басқарған  «Машина жасау ҒӨБ» жұмысшысы қаза тапты. Қатты жел тұруы салдарынан КамАЗ отқа оранды», - делінген Роскосмос хабарламасында. Сонымен қатар екінші қызметкердің денесін күйік шалған болатын. Оның ем-домына арналған материалдық шығындарды ресейлік «Машина жасау» кәсіпорыны өз мойнына алған еді. Алайда ол қызметкер де көз жұмды .

Соңғы жаңалықтар