Асанәлі Әшімов
Кино және театр актері
Өмірбаяны
Сахна
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында актер көптеген классикалық және заманауи қойылымдарда жарқын бейнелер жасады. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясында Керім, «Еңлік-Кебек» пьесасында Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Айшуақ, «Таңғы жаңғырықта» Жарасбай рөлдерін сомдады. Сондай-ақ Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасында Қодар, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич бейнесін орындады.
Әлемдік драматургия туындыларынан Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» пьесасында Юлий Цезарь, Макс Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан рөлдерін сомдады. Сонымен қатар Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасында Еламан, Игорь Вовнянконың «Апат» қойылымында басты кейіпкер бейнесін жасады.
Актердің сахнадағы соңғы ірі жұмыстарының бірі — Герхарт Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен рөлі болды. Жалпы, ол театр сахнасында ондаған ірі образдарды сомдап, ұлттық актерлік өнердің дамуына зор үлес қосты.
Кино
Актер қазақ кино өнерін әлемдік деңгейге көтерген тұлғалардың бірі ретінде бағаланады. Оның кинодағы жарқын образдары қатарында «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан, «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияров, «Сарқырамадағы» Мәмбет, «Транссібір экспресіндегі» Қасымханов, «Нан дәміндегі» Кемел, «Алатаудың ай мүйізіндегі» Нұрғазы, «Жаушыдағы» Қаражал, сондай-ақ «Бұлғар даласынан ескен жылы жел» фильміндегі Шыңғыс хан бейнелері ерекше орын алады.
Актер режиссер ретінде де танылды. Ол Николай Гогольдің «Ревизор» спектаклін сахналады (өзі Дуанбасы рөлін орындады), сондай-ақ Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді», И. Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!», С. Ванустың «Сұлтан болсам егер мен», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» қойылымдарын қойды.
Кино саласында «Жылан жылы» фильмін (Цой Гук Инмен бірге) түсіріп, ол 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальде дипломмен марапатталды. Сонымен қатар «Шоқан Уәлиханов» көпсериялы телефильмін түсіріп, онда Шыңғыс рөлін өзі ойнады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмі де оның режиссерлік еңбектерінің қатарында.
Актердің шығармашылығына арналған «Асанәлі» деректі фильмі түсірілген (режиссері И. Вовнянко).
Қоғамдық және педагогикалық қызметі
Актер Жамбыл және Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарының құрметті профессоры атанды. 1979–1982 жылдары педагогикалық қызметпен айналысты. 1990 жылдан бастап «Елім-ай» киностудиясының президенті қызметін атқарды.
Білімі
Алматы консерваториясын бітірген (1961)
Марапаттары
Мемлекеттік марапаттары:
- Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» (2017 жылғы 18 мамыр, Ақорда) – қазақ кино өнеріне сіңірген айрықша зор еңбектері үшін және 80 жас мерейтойы қарсаңында
- «Отан» ордені (2001)
- «Парасат» ордені (2007)
- І дәрежелі «Достық» ордені (2014, Ақорда) – қазақ театры мен кино өнеріндегі ерен еңбектері үшін
- «Құрмет» ордені (2007) – 70 жас мерейтойы қарсаңында
- «Астанаға 10 жыл» медалі (2008)
- «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі (2012)
- «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016)
- Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін медалі
- «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі
Жергілікті және аймақтық марапаттары:
- Жамбыл облысының құрметті азаматы (2002)
- Алматы қаласының құрметті азаматы (2015)
- Түркістан облысының құрметті азаматы (2017)
- Сарысу ауданының құрметті азаматы
Басқа марапаттары мен атақтары:
- «Тарлан» тәуелсіз сыйлығы (платина, 2000)
- «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің тұңғыш сыйлығы (2003)
- Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің стипендиясы (бірнеше мәрте)
- Қазақстанның мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік стипендиясы (бірнеше мәрте)
- Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарының құрметті профессоры
- Қыздар университетінің «Ұлағат» алтын медалі (2015)
- Қазақстан Театрлар ассоциациясының «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының арнайы аталымы (2017)
Кеңестік кезең марапаттары:
- Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі
- Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973)
- Қазақ КСР халық әртісі (1976)
- КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974)
- КСРО халық әртісі (1980)
- «Еңбек ардагері» медалі
- Көптеген кинофестивальдердің жүлдегері
Халықаралық марапаттары:
- Ресейдің Ломоносов атындағы алтын ордені (2007)
- ТМД-ның «Достастық жұлдызы» халықаралық сыйлығының лауреаты және «Достастық» ордені (2011)
- «Аңыз адам» ұлттық сыйлығы (2013)
- ЮНЕСКО халықаралық академиясының «Алтын Қыран» ордені (2007) – әлемдік кинодағы зор үлесі үшін
Алматы жұрты «қазақтың Бекежанын» ақтық сапарға шығарып салды
Алматыда Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр
Асанәлі Әшімов сахна саңлағы ретінде өшпес із қалдырды – Президент
Әйгілі актер Асанәлі Әшімов өмірден өтті
«Тұлға теориясы»: Jibek Joly арнасы деректі фильмдер циклін бастады