Францияда наразылық ушығып, Марсельде ондаған дүкен тоналды

АСТАНА. IKAZINFORM — Францияның түкпір-түкпірінде ірі наразылық акциялары өтіп жатыр. Кей жерлерде полицияға шабуыл жасалып, қалалық инфрақұрылым нысандары бүлінген. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Еуропалық одақтағы меншікті тілшісі хабарлады.

Францияда наразылық ушығып, Марсельде ондаған дүкен тоналды
Видеодан алынған кадр

Негізінен жастар қатысқан наразылық акциялары өмір сүру құнының қымбаттауына, жұмыс орындарының тапшылығына және білім беру жүйесінің ұйымдастырылуына наразылық білдіру мақсатында өтіп жатыр.

Парижде жастар мен полиция арасында елеулі қақтығыстар болды. Елдегі екінші ірі қала Марсель де ең қатты қақтығыстардың орталығына айналды.

Таңертеңнен бастап тонаушылар Ескі порт маңындағы қалалық әкімдік ғимаратына басып кірген. Олар көше қоршауларын пайдаланып, 1673 жылдан бері сақталған есікті бұзып кірген. Ғимарат ішіне енгендер мәдени құндылықтарды бүлдіріп, Марианна бюстін аударып тастаған, жиһаздарды сындырған. Қабырғаларға «А» символы мен ACAB жазуы салынған.

— Бұл — революция, Бастилияны аламыз, — деп айқайлаған басып кіргендердің бірі.

Марсель аймағының префектісі Жак Витковскийдің мәліметінше, түстен бастап көшелерде наразылық білдірушілер емес, тонаумен айналысқан 7–8 мың адам жүрген. Отыз-қырық дүкен тоналған. Fnac электроника дүкені түгелдей дерлік босатылған. Жакобен алаңындағы Hugo Boss дүкені, сондай-ақ Lancel, K-Way және Luxury Outlet сауда орындары зардап шеккен.

Сағат 17:15–тегі мәлімет бойынша, құқық қорғау органдарының 29 қызметкері жарақат алған, олардың екеуі ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар, жиналғандар арасынан 20-ға жуық адам зардап шеккен. 20–30 адам ұсталған.

Марсель мэрі Бенуа Паян наразылық білдірушілердің әрекетін жол беруге болмайтын жағдай деп атап, таңертең қалада полиция қызметкерлерінің жеткіліксіз болғанына шағымданды.

Франция президенті Эмманюэль Макронмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Парижден қосымша күш жіберуге уәде берілген. Олардың қатарында CRS арнайы полициясының үш ротасы мен Centaure үлгісіндегі екі броньды көлік бар.

— Бүгін түстен кейін біз бетпе-бет келген бүлікшілердің саны Марсель үшін бұрын-соңды болмаған деңгейде. Түскі уақытта мұндай ауқымды толқулар болғанын есімізге түсіре алмаймыз, — деді префект.

Ал Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню президенттік сайлау қарсаңында зорлық-зомбылықты «дайындық құралы» ретінде пайдаланғысы келетіндердің әрекетінен қорықпайтынын мәлімдеді.

Франциядағы оқушылар көтерген мәселе неге саяси сипат алғанын шолу мақаладан оқыңыз.