Марат Әшім
Марат Әшімге қатысты жаңалықтар, сұхбаттар, пікірлер және сараптамалық материалдар жинағы. Марат Кенжеғалиұлы Әшім — Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президент Протоколы қызметінің бастығы. Ол 1987 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық құқық және экономика мен бизнес бағыттары бойынша білім алған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында магистратураны тәмамдаған. Еңбек жолын 2008 жылы жеке компанияда заңгер болып бастаған. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде, кейін Мемлекеттік протокол қызметінде жұмыс істеген. 2012–2017 жылдары Президент Әкімшілігінің Президент протоколында референт, сарапшы, консультант және инспектор қызметтерін атқарған. 2017–2018 жылдары Президент протоколының сектор меңгерушісі, 2018 жылдан бастап Президент протоколы басшысының орынбасары болған. 2023 жылғы 15 наурызда Президент Протоколы қызметінің бастығы болып тағайындалған. 2025 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президент Протоколы қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды. Дипломатиялық дәрежесі — II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл. «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.