«Климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі жедел шараларды қабылдау қажеттігі таптаурын әрекетке айналып кетуі мүмкін. Бірақ бұл – қауіпті үрдіс. Себебі қоршаған ортаны қорғауға басымдық беру үшін тез арада, тиімді және трансформациялық қадамдар қажет. Бұл ретте қатер, ең алдымен, Орталық Азияға төніп тұр. Тіпті 2030 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа көтерілуін шектей алғанның өзінде, Орталық Азиядағы температураның 2-2,5 градусқа дейін көтерілуімен бетпе-бет келеміз», - деп мәселе көтерді Мемлекет басшысы.
Президент айтап өткендей, климат жөніндегі Париж келісімімен қатар, әлем елдері көміртегісіз келешекке деген ұмтылыстан айнымауы қажет.
«Климат мәселесін сауда және инвестициялық ынтымақтастықты шектейтін шаралар үшін пайдаланбау керек. Керісінше, біз БҰҰ айқындаған Климат өзгерісімен күрес жөніндегі оң шаралар сияқты нәтижелі өзгерістерге баса мән беруге тиіспіз. Мұнда «жасыл» экономикаға негізделген жұмыс орындарын ашуға инвестиция құю, қазба отындарын пайдалануды субсидиялауды тоқтату және климаттағы өзгеріске қарсы күрес әрекеттерінің барлық деңгейінде әділеттілікті, инклюзивтілікті және әйелдердің қатысуын қамтамасыз ету шаралары қамтылады. Алайда тиісті қаржыландыру болмаса, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі ауқымды жоспар жүзеге асырылмайды. Осыған орай біз Қазақстанда әділетті энергетикалық жүйеге көшу бағдарламасын (Just Energy Transition Partnership) іске қосуды ұсынамыз», - деп бастама көтерді Қасым- Жомарт Тоқаев.
Президент 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізу жоспарланып отырғанын да атап өтті.
Бұған қоса Мемлекет басшысы БҰҰ залына жиналған мемлекет басшылары адамзаттың болашағына жауапты екенін баса айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдайларға қарамастан біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатқанын атап өтті.