Осы залға жиналған мемлекет басшылары адамзаттың болашағына жауапты – Президент БҰҰ мінберінен

ассамблея
Фото: из открытых источников

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінде орта державалар мен дамушы елдердің дауысы тиісті деңгейде естілуі керек екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысында көрсетілген принциптерді қатаң ұстанатынын тағы да атап өткім келеді. Осы залға жиналған мемлекет басшылары адамзаттың болашағына жауапты. Шиеленістерді күшпен реттеу - мәселені тек тығырыққа тірейді. Сондықтан диалог – бұл жаңа принциптер мен нормалар жайлы уағдаласуға қолайлы орта қалыптастырудың ең жалғыз жолы. Әлі күнге дейін әлемнің көптеген елінде қақтығыс жағдайлары сақталып отыр. Осы орайда біз шиеленістерді дипломатиялық жолмен шешу бастамасын қолдаймыз. Бұл ретте Қазақстан түрлі әлем елдерінің Украинадағы дағдарысты реттеуге бағытталған тың ұсыныстарын жоғары бағалайды», - деді Президент сессияның жалпы дебатында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы шиеленісті жағдайларды шешу үшін елдер бірлесіп, бір-бірін хабардар ете отырып әрекет ету қажеттігін атап өтті.

«Біз бұл мәселелерді Қауіпсіздік кеңесінің реформасы арқылы ғана шеше аламыз. Бұл - заман талабы. Мен кеңесте орта державалар мен дамушы елдердің дауысы шығуы керек және олар тиісті деңгейде естілуі керек деп сенемін. Қауіпсіздік кеңесі түйткілдің шешімін табуы үшін түрлі елдер мен институттардың пікірін ескеруі қажет. Осы орайда бейбітшілікті сақтау мен қауіпсіздік мәселелерінде Қазақстан аса белсенді рөл атқара алады», - деп ұсыныс білдірді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар