Геосаяси жағдайларға қарамастан біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатыр – Президент

бұұ
Фото: из открытых источников

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі екі жылда Қазақстанда жүргізілген реформалардың нәтижелеріне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Қазіргі әлемдік, аймақтық геосаяси жағдайларға қарамастан біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатыр. Қысқа уақыт ішінде елдегі институттарды реформалап, Коституцияға өзгеріс енгізіп, Президенттің өкілеттігін қысқартып, саяси және экономикалық жүйені қайта қарап, жемқорлықпен күрестік. Небәрі екі жылдың ішінде көп іс атқарылды. Осы аралықта біздің тұрғындардың менталитеті айтарлықтай өзгерді. Әсіресе, жастардың сана сезімінде өзгеріс байқалады. Президент мандаты бір реттік әрі 7 жылдық мерзіммен шектелді. Бұл ұсынысты жалпыхалықтық референдумда Қазақстан халқы қолдады. Біз күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет қағидасын берік ұстанамыз», - деді Президент сессияның жалпы дебатында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы бұл реформалар Қазақстанда әділ, заң үстемдігі орнаған қоғам құруға бағытталғанын атап өтті.

«Қандай жағдайда да заң үстемдік етуі тиіс. Инвестиция тарту, адами капиталды дамыту біздің экономикамызды нығайта түсетінін білеміз. Мұнымен қатар Қазақстанда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында ілгерілеу бар. Біз партиялық тізім бойынша сайланатындар қатарына жастар, әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 30 пайыздық квота енгіздік. Бұл осы санаттағы азаматтардың елдің саяси өміріне белсенді қатысуына ықпал етеді», - деп түйіндеді Президент.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөз сөйлей отырып, Қазақстан жастарына зор сенім артатынын айтты. Тиісінше олардың жан-жақты дамуы үшін елде барлық жағдай жасалады.

Соңғы жаңалықтар