1 қарашаға дейін жетісулықтардың орманға баруына тыйым салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 1 қарашаға дейін жергілікті тұрғындардың орманға баруына дейін тыйым салу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жетісу облысының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпі жоғарғы кезеңде (жыл сайын 1 сәуір мен 1 қарашаға дейін) ормандарда жеке тұлғалардың болуына тыйым салынсын және орманды пайдалану құқығы шектелсін. Қаулының орындалуын бақылау «Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жүктелсін», - делінген облыс басшысы қол қойған құжатта.

Тыйым салуға бағытталған қаулы ресми жарияланған күннен 10 күн өтіп барып, 23 маусымда күшіне енеді.

Еске сала кетейік, мұндай шектеу бұған дейін Жамбыл, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында енгізілген болатын.