02:00, 05 Маусым 2023 | GMT +5
Жаз күндері қостанайлықтардың орманға баруына тыйым салынды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Өрт қаупi жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орманда болуына шектеу енгізу туралы» қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өрт қаупi жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орманда болуына және оған көлiк құралдарымен кіруіне, сондай-ақ Қостанай облысының мемлекеттiк орман қоры аумағында құрылыс жұмыстары, пайдалы қазбалар өндiру, коммуникациялар тарту және барлық орман дақылдары жұмыстары мен орман шаруашылығын жүргiзу шектелсін», - делінген әкім қаулысында.
Құжат 12 маусымнан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы орман алқабында алапат өрт болды. Бірнеше күнге жалғасқан тілсіз жау салдарынан 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды, 1 адам қаза тапты.
Сонымен қатар, Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.