1 қыркүйектен бастап Павлодардан Алматы мен Астанаға қайтадан ұшуға болады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары 98%-ға аяқталған. 25 тамызға қарай мамандар пайдалануға беру актін алуды жоспарлап отыр.

Фото: Валерий Бугаев

Өткен аптада Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағына ірі түйіршікті асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, енді тек ұсақ түйіршікті қабаты қалған. Бұл жұмыстар жүзеге асырылған соң, болжам бойынша 15–17 тамыз аралығында, комиссия тексеруге кіріседі. Оның ішіне жарық беру-сигналдық құрал-жабдықтарды инспекциялау да енеді.

Мамандар 25 тамызға дейін пайдалануға беру актісін алып, 1 қыркүйектен бастап рейстерді іске қосудан үмітті. Алдымен Алматы мен Астана бағыттары ашылады.

- Ең әуелі Алматы мен Астана, сондай-ақ Шымкент пен Ақтау бағыттарын іске қосамыз. Бұдан бөлек, өзге өңірлермен, соның ішінде көршілес елдермен де қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мәселен Ресейдің Новосібір қаласы. Бірақ бұл Ташкент - Павлодар — Новосібір және Новосібір - Павлодар - Ташкент түйіспелі (транзиттік) рейсі болады. Өзбекстан тарапымен келіссөздер соңғы кезеңде, Новосібір тарапы бұл ұшуды қолдап отыр, - деп жауап берді Kazinform тілшісіне Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Сондай-ақ өңір басшысы Астана бағытындағы әуе билеттерінің құны ары қарай да субсидияланатынын атап өтті. Әзірге баға бұрынғыша 20 мың теңге көлемінде қалады. Бірақ өсуі де мүмкін.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 1 сәуірден бастап Павлодар әуежайы ұшу-қону жолағын қайта жаңарту үшін жабылған болатын Павлодар әуежайы 1 сәуірден жөндеуге жабылған болатын.

Кейін қаржы жеткіліксіздігіне байланысты Павлодар әуежайын жөндеу тағы бір жылға ұзарды.

Билік өкілдері Павлодар әуежайының өткізу қабілеті 300 жолаушыға дейін артатынын мәлімдеген болатын.