1 маусымнан магистратураға түсуге арналған тестілеуге тіркелу басталады

АСТАНА. KAZINFORM – 1 маусымнан бастап магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініш қабылдау басталады.

Фото: GOV.KZ

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлерді тіркеу 8 шілдеге дейін ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі. Ал тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары бойынша бейінді магистратураға түсушілердің құжаттары да 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары оқу орындары арқылы қабылданады.

Тіркелу кезінде талапкер тест тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Сондай-ақ 8 шілдеге дейін өтінішке өзгерістер енгізуге мүмкіндік беріледі.

– Түсушілер тестілеуді тапсыру қаласын, дайындық бағытын, білім беру бағдарламаларының тобын және тестілеу тілін өзгерте алады. Алайда өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін таңдалған бағдарлама тобы мен тест тапсыру қаласы өзгертілмейді, – делінген министрлік хабарламасында.

Тестілеу өтетін орын, күні мен уақыты туралы ақпарат талапкерлердің жеке кабинетінде 14 шілдеде жарияланады.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер үшін кешенді тестілеу электронды форматта өткізіледі.

Ол үш бөлімнен тұрады:

– шет тілі бойынша тест;
– оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;
– білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

Тестілеуге 3 сағат 55 минут уақыт беріледі.

Шекті балл – 75.

Ал бейінді магистратураға түсушілер тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырады. Оларға 1 сағат 40 минут уақыт беріледі.

– Бейінді магистратураға саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ басшылық қызметте кемінде бес жыл еңбек өтілі бар немесе мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс тәжірибесі бар азаматтар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өткізетін әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде қабылдана алады, – деп хабарлады ведомство.

Айта кетейік, енді барлық студент жасанды интеллект пәнін оқиды.