1 рубльге 4,5 теңге бағамы отандық экспорттаушыларға тиімді болмақ - Альберт Рау

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 рубльге 4,5 теңге бағамымен отандық экспорттаушыларға жұмыс істеу жеңілдейді. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

«Менің ойымша, бүгінде қалыптасқан 4,5 деңгейіндегі рубльдің теңгеге бағамы (1 рубльге 4,5 теңге) біздің өнеркәсіптік кәсіпорындар мен аграрлық сектор өздерінің тәуір сезінуі үшін қолайлы шекті деңгей. Яғни бұл тұрғыда олар құлдырау қаупінен шығады»,- деді министрдің орынбасары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысы барысында тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

Осы орайда ол биылдың бірінші жартыжылдығында отандық экспорттық тауарлардың кең ауқымы валюта бағамының салдарынан сатылым бойынша өздерінің көлемін жоғалтқанын атап өтті.

А. Раудың пайымынша, күз айларында бірқатар бағыттар бойынша ресейлік нарыққа өнімдерді экспорттауда тиімділік артатын болады.