1-сыныпқа қабылдау: әр өңір бойынша кесте жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Оқу-ағарту, сондай-ақ, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлерінің ілкі жоба бойынша бірлескен бұйрығы шықты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бұйрыққа сай, 2026 жылдың 27 мамыры мен 31 тамызы аралығында құжат қабылдау және балаларды 1-сыныпқа тіркеу жүзеге асырылады. Ол бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру бағдарламаларына тіркеу бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қамтиды.

Сонымен қатар, даярлық тобын бітірген балалар дәл сол мектепке 1-сыныпқа барғысы келсе, онда автоматты түрде қабылданады. Тек ата-анасы немесе заңды өкілі өтініш жазса, жеткілікті.

Ал әке-шешесі перзентін даярлық тобын бітірген мектептен басқа мектепке бергісі келсе, құжаттарды жалпы тәртіп бойынша тапсырады.

Аталған бұйрықта «Күту бөлмелері» де қамтылған. Бір мезетте қарастырылатын өтініштердің саны толып қалса, жүйеге жаңадан кірген қолданушылар автоматты түрде электронды кезекке қойылады. Оны әр азамат бақылап отыра алады. Кезегі келгенде, жүйе өтініш берушіні бас парақшаға бағыттап, қызметті алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ата-аналар оң жауап алса, баланы 1-сыныпқа тіркеу жөніндегі электронды формада берген өтінішін кері қайтара алады.

1-сыныпқа құжаттарды қабылдау кестесі:

• Астана, Абай облысы, Жетісу облысы, Қызылорда облысы, БҚО – 27 мамыр және 31 тамыз аралығы;

• Алматы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Жамбыл облысы, ШҚО – 10 маусым және 31 тамыз аралығы;

• Алматы облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Атырау облысы, Шымкент – 18 маусым және 31 тамыз аралығы;

• Түркістан облысы, Маңғыстау облысы, Қарағанды облысы, СҚО, Ұлытау облысы, Ұлытау облысы – 29 маусым және 31 тамыз аралығы.

Қос министрдің бірлескен бұйрығы 2026 жылдың 26 мамырында күшіне еніп, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады.

Айта кетейік, бұған дейін мектепте ұялы телефонға тыйым салу оқушыларға қалай әсер ететінін жазғанбыз.

Сондай-ақ, министрлік республикалық физика-математика мектептері филиалдарына грант бөлу конкурсын жариялады.