10 қарашада Brent мұнайы 92 долларға дейін арзандады

АЛМАТЫ.KAZINFORM - 10 қараша, сейсенбі күні сауда барысында әлемдік мұнай бағасы алдыңғы күнгі құлдыраудан кейін төмендеуін жалғастырды.

Фото: Kazinform\ЖИ

Соңғы мәлімет бойынша, Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,55%-ға арзандап, барреліне 92,06 доллар болды.

Oilprice.com дерегіне сәйкес, америкалық WTI маркалы мұнайдың бағасы 0,78%-ға төмендеп, барреліне 86,17 долларға дейін түсті.

Ал ресейлік Urals маркалы мұнай, керісінше, 0,44%-ға қымбаттап, барреліне 77,19 доллар болды.

Парсы шығанағы аймағындағы шиеленістің бәсеңдеуі әлемдік мұнай бағасының төмендеуіне әсер етті. Дүйсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазын ашу мәселелері бойынша келіссөздерде ілгерілеушілік болған жағдайда Иранға жаңа әскери соққылар жасауды уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Трамп АҚШ қарулы күштері жаңа әскери операциялар жүргізуге дайын екенін атап өтті.

Бұған дейін Вашингтон мен Тегеран Ирандағы уранды байыту деңгейін төмендету жөнінде алдын ала келісімге келуі мүмкін екенін хабарлаған еді.