АҚШ пен Иран уран байыту деңгейін төмендету жөнінде келісуі мүмкін – БАҚ
АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтон мен Тегеран Ирандағы уран байыту деңгейін төмендету туралы алдын ала келісімге келуі мүмкін, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Сауд Арабиясының Al Arabiya телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап, тараптар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты болашақ келісімнің шарттарын талқылап жатқанын хабарлады.
Телеарна сұхбаттастарының айтуынша, Вашингтон Иранға өз аумағында уранды 3,67 пайызға дейін байытуға рұқсат беруге келіскен. Тегеран да бұл шартты қабылдаған.
Сонымен қатар АҚШ Иранның 60 пайызға дейін байытылған уранының байыту деңгейін төмендетуді талап етіп отыр.
Al Arabiya дереккөздерінің мәліметінше, бұл мәселені шешу үшін тараптар үшінші елді тарту мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Алдын ала келісімге қол жеткізілгені туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазының ашылуы жөніндегі келіссөздерде ілгерілеушілік болған жағдайда, Иранға америкалық соққылардың қайта жасалу ықтималдығы өте төмен екенін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы туралы ақпарат үшін 20 млн доллар ұсынды.