10 қарашада елдегі қандай автожолдарда шектеу бар

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың бірнеше учаскесінде шектеулер енгізілді.

Фото: Көлік министрлігі

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 10 қараша сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шектеулер екі облыста күшінде тұр.

Маңғыстау облысы

10 қараша сағат 01:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау порты» автожолының 332–616 шақырымында (Бейнеу ауылынан Жармыш ауылына дейін) автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.

Шығыс Қазақстан облысы

10 маусымнан бастап орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты «Өскемен – Алтай – Қатонқарағай – Рахман қайнарлары» автожолының 437–450 шақырымында (Қараайрық ауылынан «Рахман қайнарлары» шипажайына дейінгі учаске) автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.

Синоптиктердің болжамы бойынша, түнде және таңертең Қазақстанның бірқатар өңірінде жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде көктайғақ болуы мүмкін. Қолайсыз ауа райы Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай мен Ұлытау облыстарында болады деп болжанды.

Еске салайық, Астанада және 16 облыста ауа райына байланысты ескерту жасалды.