Көк майса табиғат, жасыл желекке көмкерілген саябақ, гүлге оранған қала, күннің батуы мен өзен-көл жағасындағы сәт – дайын алаң. Сондықтан да жылдың дәл осы мезгілінде фотосессия қызметіне сұраныс артады.
Жаздағы фотосессия бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, фотографтың кәсіби шеберлігі мен тәжірибесі. Бұл істі жаңа бастап жатқан мамандардың тарифі төмен. Ал білікті әрі сұранысы жоғары фотограф өз қызметін жоғары бағалайды.
Сонымен бірге тарифке фотоға түсу уақытының ұзақтығы да байлаулы. Бір сағаттық фотосессия бағасы әлдеқайда төмен. Ал егер бірнеше сағатқа, бірнеше орынға бару қажет болса ақысы еселенеді. Фотоларды өңдеп, әрлеп, жаманын жасырып, жақсысын асырып беру де ақырғы құнға әсер етеді.
Егер түсірілім фотостудияда өтсе фотограф қызметіне жалға алу құны қосылады. Фотостудия фотографтың меншігі болса, оның өз артықшылығы бар. Сонымен бірге қала сыртына шығу, фотоға түсуге арналған қосымша көрнекілікті жалға алу, бет әрлеуші мен стилист маман қызметі немесе киімді жалға алу шығынды көбейтеді.
Бағаға түсірілім форматы да әсер етеді. Ол жеке, отбасылық, love story, балаларға арналған және коммерциялық фотосессия деп бөлінеді. Әрқайсының жөні, дайындығы бөлек болған соң бағасында да айырмашылық бар.
Мәселен Көкшетау қаласында студиядағы отбасылық фотосессия бағасы 30 000 теңге. Бұл төрт адамнан тұратын отбасына арналған баға. Егер адам саны одан көп болса әр жанға қосымша 3 000 теңге төлейді. Нәтижесінде 40 фотоны өңдеп, электронды түрде жібереді. Түсірілім фотоаймақта немесе ақ түсті бөлме ішінде жүргізіледі. Дәл осылай тек баланы фотоға түсірсе, бағасы – 20 000 теңге. Жанына түсетін әр жанға қосымша 5 000 теңге төлейді.
Петропавл мен Орал қалаларында эскпресс түсірілім, яғни бар болғаны 30 минуттық қызмет құны 10 000 теңге. Ал Тараз қаласында фотосессия бағасы 20 000 — 30 000 теңге, егер 50 000 -70 000 теңге төлесе кәсіби маман бір сағаттық түсірілім жасап береді. Қазір сұраныс жоғары. Бір ай бұрын жазылып, жоспарлап қойған дұрыс. Кейбір фотостудия бірнеше фотосессия топтамасын ұсынады. Бағасы 150 000 теңгеге дейін жетеді.
Шымкентте фотосессияның орташа бағасы 15-20 мың теңге, кей жерлерде 50-70 мың теңгеге дейін барады. Ұзақтығы 2-3 сағатқа созылатын фототүсірілім бағасы – 70 – 100 мың теңге. Бұл қызметке көп фото кіреді, сонымен бірге түсірілім аймағын таңдап, түр-тұлғаңызды соған сәйкестендіреді. Кейде қызмет ақысына бет әрлеуші мен студияны жалға алу құны кіреді. OLX арқылы құны 20 000 – 40 000 теңге болатын фотосессия қызметі табылады. Ал нейрофотосессия бағасы 5 мың теңгеден басталып, 50 мың теңгеге дейін жетті.
Еліміздегі қалалар ішінде Қостанайда баға төмен. Фотосесия құны 13 000 теңгеден басталады. Ал Павлодар, Петропавл, Орал мен Шымкентте 15 000 теңге және одан жоғары.
Қызылорда, Көкшетау, Жезқазған, Тараз және Алматыда баға 20 000 теңгеден басталады. Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында 23 000 – 25 000 теңге болып тұр. Талдықорған, Астана мен Ақтау қалаларының тұрғындары ең кем дегенде 30 000 теңге төлейді. Ең қымбаты Өскемен және Семейде. Мұнда 35 000 теңге жәнее 40 000 теңгеден басталады. Ең қымбат фотосессия құны 100 – 150 мың теңгеге дейін жетеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы атпен серуендеу қызметінің бағасы жазылды.