100 мыңнан аса мектеп түлегі елімізді көгалдандыруға атсалысты

АСТАНА. KAZINFORM — «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Түлектердің ағаш егуі» эко-челленджі өтті, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ведомство мәлім еткендей, ізгі бастама жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған кең ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды.

Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» жарияланып, оның аясында «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» және басқа да бірқатар республикалық акциялар ұйымдастырылды. Бұл бастама өскелең ұрпақты кітап оқуға, қайырымды істерге баулуға, сондай-ақ қоршаған ортаға деген қамқорлық пен экологиялық мәдениеттілікті қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы аясында мектеп аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерде тазалық жұмыстарын жүргізу қолға алынды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Ағаш егу эко-челленджі дәстүрлі шараға айналды. Биыл ол төртінші жыл қатарынан еліміздің барлық білім беру ұйымдарында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы жылы эко-челленджге 9 және 11 сыныптардың 100 мыңнан астам оқушысы қатысты. Олар мектеп аумақтарында, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға өз үлестерін қосты, — делінген хабарламада.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын «Келешек мектептері» жобасының оқушылары да сенбілікке қатысып, қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді үлес қосқан болатын.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Осыған дейін бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өткенін жазғанбыз.