1,1 млрд берешек: Алматы облысындағы ауылдарға электр энергиясы қайта берілетін болды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысындағы бірқатар ауылда электр энергиясы және сумен жабдықтау мәселесі шешілді.

Фото: ҚДБ

Бұған дейін Қарасай ауданында коммуналдық төлемді жинайтын компанияның берешегі болғандықтан «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ бірнеше ауыл мен саяжайда электр энергиясын өшіріп тастаған. Электр қуатының өшірілуі салдарынан елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін су алу ұңғымалары мен сорғы станцияларының жұмысы тоқтап қалған.

Облыс әкімдігі жекеменшік ұйымның қарызы салдарынан жарық пен судан ажыратылған елді мекендерге электр энергиясы қайта берілгенін хабарлады.

- Алматы облысы әкімдігі мен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде коммуналдық түйіткіл шешілді. Абоненттердің жарықтан ажыратылуына жекелеген электр жеткізуші компаниялардың «АЖК» алдындағы қордаланған қарызы себеп болды. Ең ірі берешек – 1,1 миллиард теңгеден астам қарызы бар Қарасай ауданындағы «BeyAzh Trans» ЖШС-не тиесілі, - деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ облыс әкімідігі мәселенің салдарын жоюмен ғана шектелмей, осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бағытында нақты шешімдер қабылданғанан мәлімдеді. Атап айтқанда, «Асыл Арман», «Алтын Ауыл» және «Өмірзақ» тұрғын үй кешендерінің электр желілері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына берілді. Енді тұтынушылар үшін жеке дербес шоттар ашылып, электр энергиясы үшін төлемдерді делдалсыз, тікелей төлеу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

- Сонымен қатар Қарасай ауданы әкімінің өкімімен сумен жабдықтау жүйелері «Таусамалы қызмет» МКК балансына берілді. «BeyAzh Trans» ЖШС-ның берешегі заңнамада белгіленген тәртіппен кәсіпорын мүлкін өндіріп алу және сату есебінен өтелетін болады, - делінген ресми мәлімдемеде.

Еске салайық, өңір ауылдарында жарық пен су өшуіне байланысты тұрғындар наразылыққа шығып, бейнеүндеу жасаған болатын. Кейін аталған жағдайға байланысты облыс әкімі түсініктеме берді. Сондай-ақ Қарасай ауданы әкіміне сөгіс жарияланып, өзге де жауапты тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі қаралып жатқаны хабарланды.