Вице-министрдің айтуынша, саланы қаржыландыру ғана емес, аурудың алдын алу шараларын қабылдау, сондай-ақ денсаулық саласының нақты көрсеткіштерін жақсарту міндеті қойылып отыр.
– Мысалы, 2027 жылдан бастап пилоттық режимде 4 өңірде скринингтің жаңа түрі, атап айтқанда өкпе обырының алдын алу скринингі енгізілетін болады. Бұл науқастарды ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Немесе алдын алу шарасы ретінде – 11 жастағы ұлдарға папиллома вирусына қарсы вакцина салу бар. Қыздарға бұл вакцина 2025 жылдан салына басталды, – деді А. Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен бюджет таныстырылымында.
Әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру бойынша іс-шаралар есебінен 702 млрд теңге оңтайландырылды. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді индекстеуге және туу мен өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты бюджеттен қосымша 739 млрд теңге бағытталатын болады.
Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің МӘМС жүйесіне ауысуына байланысты 453 млрд теңге қайта бөлінді.
– Ал МӘМС-ке мемлекет жарналарын есептеу кезінде пайдаланылатын медиандық жалақының ұлғаюына байланысты қосымша 185 млрд теңге көзделді. Осылайша, шығыстар мемлекеттің барлық негізгі міндеттемелерін сақтайды және халықтың осал топтарын қорғайды, – деп түсіндірді Қаржы вице-министрі.
Айта кетейік, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды.
Елімізде келесі жылы әлеуметтік көмекке 6,9 трлн теңге бөлінеді.