Оның айтуынша, бақылау шаралары жазалау түрінде емес, азаматтарға түсіндіру және сервистік модель негізінде жүргізіліп жатыр.
Екінші деңгейлі банктер белгіленген талаптарға сәйкес түскен төлемдер бойынша салық органдарына ақпарат ұсынды. Жіберілген мәліметте аударымның кімге, не үшін жасалғаны егжей-тегжейлі көрсетілмейді, тек жалпы сомасы мен транзакциялардың жиілігі есепке алынады.
— Бүгінгі таңда бірінші тоқсан аударымдары бойынша екінші деңгейлі банктер бізге мәлімет ұсынды. Белгіленген өлшемшартқа түскен төлемдер бойынша 114 мыңнан астам жеке тұлғаның ақпараты берілді. Онда кімге, қай уақытта, не үшін аударғаны туралы егжей-тегжейлі мәлімет жоқ. Тек жалпы сомалар есепке алынған. Біз бұл жерде сервистік модельді қолданамыз, бірден тексеріс жүргізілмейді, — деді Шындали Заңғар.
Спикердің айтуынша, салық органдары тарапынан жіберілген хабарлама айыппұл салуды немесе банк шоттарын бұғаттауды білдірмейді. Егер хабарлама келген болса, салық төлеуші өз қызметін заңдастыру қажеттігін білдіреді. Мемлекет азаматтарды бір жыл бойы жасырын бақылап, соңынан үлкен айыппұл салмайды, керісінше алдын ала ескерту арқылы адал әрі әділ кәсіп жүргізуге жағдай жасайды.
Алғашқы науқанның нәтижесі де жаман емес. Хабарлама алғандардың ішінен 9,5 мыңнан астам азамат өз бетінше жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе өзін-өзі қамту режимін таңдаған.
— Бұл тек хабарландырудың арқасында жеткен нәтиже. Ешкім оларды мәжбүрлеген жоқ, есепшотын бұғаттаған жоқ. Сервистік модельдің мәні де осында. Мемлекет азаматқа бірінші келіп, түсіндіру жұмысын жүргізеді. Мүмкін бұл жерде қателіктер бар шығар немесе қауіп-қатерлер бар екенін ескертеміз. Ары қарай жеке тұлға өзі шешім қабылдайды. 9,5 мыңнан астам адам өз бизнесін көлеңкеден шығарды, бұл көрсеткіш әлі де артады деп ойлаймыз, — деп атап өтті Департамент директоры.
Салық органдарының негізгі мақсаты — салық төлейтін және төлемейтін кәсіпкерлер арасындағы теңсіздікті жойып, адал бәсекелестік орта қалыптастыру. Жіберілген хабарламаларға алғашқы кезеңде дәлелдеме ұсынып, жауап берудің қажеті жоқ. Ал келесі жылдан бастап салық декларациясын тапсыру мерзімі келгенде, келіспеушіліктер болса, электронды түрде немесе 30 жұмыс күні (іс жүзінде 45 күн) ішінде аудандық салық басқармаларына жауап беруге мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін, Жамбылда кәсіпкер лицензиясынан айырылып, 3 млн теңге айыппұл арқалаған болатын.