12 адамның өмірін қиған өрт: Үкіметте ықтимал себебі айтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында екі қабатты жеке үй өртеніп, 12 кісі қаза тапқан қайғылы оқиғаға тұрмыстық жағдай себеп болған. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметте өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

— Бұл — тұрмыстық жағдай. Меніңше, тергеу аяқталды. Үйде электр құрылғылар болған. Үкіметтік комиссия бірнеше рет жиналып, барып, тексерген. Сараптамадан кейін тұрмыстық жағдай екені түсінікті болды, — деді вице-министр журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Қайғылы оқиғадан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы, 3-бөлімі, яғни «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында тұрғын үйде болған өрттен 12 адам мерт болғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

Одан бөлек, Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылған болатын.