12 жылдық білім беру жүйесі тоқтай ма — Оқу-ағарту министрінің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Тамыз конференциясында жасаған мәлімдемесінде 18 жасқа толған жасөспірімдер мектеп партасында отыруының дұрыстығына күмән келтірген болатын .

Фото: Алматы әкімдігі

Бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың пікірін сұраған едік.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі 12 жылдық білім беру моделін қайта қарастырып, еліміз бойынша білім беру мерзімін біріздендіру мәселесін зерделеп жатыр. Оның ішінде барлық мектеп үшін 11 жылдық бірыңғай модельге көшу мүмкіндігі де қарастырылады, — деді ол.

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, министрліктің негізгі ұстанымы — еліміздің барлық баласына бірыңғай талаптар мен тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

— Жаңа Конституцияға сәйкес, мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді. Сондықтан меншік нысаны мен білім беру моделіне қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының қызметі осы талаптарға сәйкес келуі тиіс. Бұл мәселе оқу жылдарының санын механикалық түрде қысқартумен шектелмейді. Ең алдымен баланың жас және физиологиялық ерекшеліктері, оқу жүктемесі мен білім мазмұны ескерілетін болады. Сонымен қатар технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығындағы жаңа талаптар және экономиканың өзгеру динамикасына көңіл бөлінеді, — деді ол.

Осыған байланысты министрлік білім беру стандарттарын, оқу бағдарламалары мен оқу жүктемесін кешенді түрде қайта қарамақ.

— Жұмыс қорытындысы бойынша, әр баланың жасына сай сапалы білім алуына мүмкіндік беретін және еліміздегі білім беру талаптарын біріздендіруге бағытталған нақты ұсыныстар енгізіледі, — деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі оқулықтардағы 700 қате жөнінде Президент сынына жауап бергенін жазғанбыз.