«Тұтастай алғанда, елімізде 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі жан-жақты зерттеп, талданды. Халықаралық тәжірибелер көптеген елдерде білім беру он екі жылға жалғасатынын көрсетіп отыр. Ал 6 жастан бастап мектепке қабылдау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 21 елінде және әлем елдерінің 60 пайызында қолданылады», - деді Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев.
Оның айтуынша, бір жылға ұзартылған бастауыш мектептің жаңа моделі балалардың дамуындағы өтпелі дағдарыстық кезеңдер бойынша психология-физиологиялық ерекшеліктерді ескереді.
«2003 жылдан бері 12 жылдық білім беру үлгісі бойынша сынақ жұмыстары жүргізіліп келеді. Республиканың 104 мектебінде 1 мың 233 оқушы осы оқыту үлгісымен қамтылған. 6 жасынан бастап қабылданған 12 жылдық білім беру бойынша алғашқы түлектер 2014-2015 оқу жылында бітіріп шығады. Сынақ ретінде жүзеге асқан сыныптардың бітірушілері жоғары оқу орындарында білімін жалғастырғысы келсе, жалпылама негізде 2015 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болады», - деді вице-министр. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы санаттағыларға арналған тестілеу сұрақтары сынақтық білім беру ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленуде.