- 2021 жылдан бастап, Мемлекет басшысының бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау үшін жыл сайын жастарға 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіз ұрпақтар» гранты беріледі. Грантқа 14-35 жас аралығындағы ҚР азаматы үміткер бола алады. Қағидаларға сәйкес конкурс 2 кезеңде өткізіледі. 1-кезең – конкурстық өтінімдерді қабылдау және қарау. 2-кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурстық комиссияның жеңімпаздарын анықтау. Биыл грантқа үміткерлердің конкурстық өтінімдерін қабылдау рәсімі 16 маусым – 18 тамыз аралығында жүргізіледі, - дейді Қайрат Қамбаров.
Биыл жалпы республикалық гранттың иегерлерінен бөлек тағы 277 жас өңірлік конкурстарды жеңіп алу мүмкіндігіне ие болмақ.
- Конкурстың қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 30 азаматқа 3 млн теңге көлемінде «Тәуелсіз ұрпақтар» гранты беріледі. 2025 жылы әкімдіктердің ақпараты бойынша жергілікті бюджеттен 277 өңірлік грант беру жоспарланып отыр. Бұл ретте әкімдіктер гранттың саны мен мөлшерін, сондай-ақ бағытын дербес бекітетінін атап өткен жөн. Грантты пайдалану мерзімі 1 жылдан аспайды. Конкурс туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан білуге болады, - дейді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің маманы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын 2029 жылға дейін беру жоспарланғанын айтты.
- Грант конкурс негізінде 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін беріледі. Олар: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттар. Грантты жүзеге асыру кезеңдерінде 123 жас азамат республикалық деңгейде «Тәуелсіз ұрпақтар» грантының иегері атанды. Жалпы, ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін, қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында «Тәуелсіз ұрпақтар» грантын 2029 жылға дейін беру жоспарланған, - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін «Дарын» сыйлығының иегерлеріне 1 млн теңге сыйақы берілетінін жазған едік.